АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путин және Украина президенті Владимир Зеленскиймен "кездесуге ашық".
"Ресейліктер президент Трамппен кездесуге ниет білдірді және президент Путинмен де, Зеленскиймен де кездесуге ашық" деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролайн Ливитт.
Fox News тілшісі Питер Дусидің сөзінше, Путин Кремльде болған АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткоффқа Трамппен кездескісі келетінін айтқан, Уиткофф мұны АҚШ президентіне жеткізген.
Трамптың өзі Ақ үйдегі брифинг кезінде "кездесу жақында өтуі әбден мүмкін" деді. Ол Украинадағы соғыс қалай аяқталуы мүмкін деген сұраққа нақты жауап бермеді. Трамптың сөзінше, Ресей мұнайын сатып алатын Үндістан мен өзге елдерге қарсы жанама санкция салынуы мүмкін. Арасында Қытай да бар.
"Менің арнайы уәкілім Стив Уиткофф қазір ғана Ресей президенті Владимир Путинмен өнімді кездесу өткізіп келді. Едәуір ілгерілеушілік бар. Осыдан кейін мен Еуропадағы кейбір әріптестеріме хабар бердім. Барлығы соғыс аяқталғанын қалайды және алдағы күндері мен апталарда соған күш саламыз" деп жазды Трамп сәрсенбі күні Truth Social желісінде.
Азаттықтың еуропалық дипломаттар арасындағы дереккөз "Трамп пен Путиннің кездесуіне дайындық жүріп жатқан сияқты" деді. Дереккөздерге сүйенген NYT та мұндай кездесу "келесі аптада өтуі мүмкін" деп жазды.
Трамп пен Путиннің кездесу орны әзірге белгісіз. Олар Катар немесе Швейцарияда кездесуі мүмкін. CNN дереккөздері екі басшының саммитін қысқа уақыт аралығында ұйымдастыру салу оңай емес деп санайды.
AFP-дің жазуынша, Путин мен Уиткоффтың кездесуіне арналған әңгімеге Трамп пен Зеленскийден бөлек НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Германия канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Финляндия президенті Александр Стубб қатысқан.
Bild дереккөздерінің мәліметінше, Трамп Путин мен Уиткоффтың келіссөзін "күткеннен де әлдеқайда өнімді болды" деп бағалаған.
NYT жазуынша, Путинмен кездесуден кейін Трамп Путин және Зеленский қатысатын үшжақты кездесуді де өткізуді жоспарлап отыр. Бұл кездесуге Еуропа елдерінің басшылары қатыспайды деді басылым дереккөзі. НАТО және Украина өкілдері бұл мәліметті растаудан бас тартқан.